ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Басты талап – рәміздерге құрмет

Басты талап – рәміздерге құрмет

 Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қажырлығы мен даналығын, болашаққа деген үкілеген үмітін, мақсат-тілегін жеткізетін құндылықтар. Ал оны құрметтеп, қастерлеу – баршаға ортақ іс.

Алайда соңғы кездері бірқатар мемлекеттік мекемелер мемлекеттік рәміздерді заң талаптарына сай дұрыс қолданбай, Тудың кірлеуіне, Елтаңбаның дұрыс ілінбеуіне жол беріп жүр. Бұл туралы қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысының орынбасары Кенжебек Олжабайдың төрағалығымен өткен комиссия отырысында айтылды. Жиында алдымен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова қалада мемлекеттік рәміздерді насихаттау және олардың мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған түрлі шараларды тілге тиек етіп, осы бағытта атқарылған жұмыстарға жіті тоқталды. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі қалалық комиссияның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес өткен жылдың 22-25 желтоқсан аралығында қаладағы бірқатар мекемелерде рәміздерді пайдалану және қолдану, оның ішінде жаңа стандарттағы Мемлекеттік Елтаңбаны орналастыру бойынша атқарылған жұмыстарға зерделеу жүргізіліпті. Талдау жұмысы барысында 69 мекеме қамтылған. «ҚР Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңға сәйкес бірқатар мекемелерде заңнама талаптарының сақталмау фактісі анықталған.

–  Конституциялық заң талаптарына сәйкес Ту, Елтаңба мемлекеттік мекеме ғимаратында ілінуі керек. Бұл талаптарды облыстық офтальмологиялық орталығы бұзып, Туды ілмеген. Ал қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі ғимаратында Ту да, Елтаңба да орналастырылмаған. Облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығының және №2 қалалық аурухананың, темір жол-көлік колледжінің ғимараты сыртында орналастырылған Мемлекеттік Ту кірлеген, – деді Ұлана Сламбекқызы.

Негізгі талаптарға сай емес, түрлі кемшілік жібергендердің ішінде №4 қалалық емхана, облыстық онкологиялық диспансері, «Үміт» мамандандырылған балалар үйі, қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылық бөлімдері, «Тараз-Ғасыр», «Аспара» колледждері, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бар. Қала әкімінің орынбасары Кенжебек Мамашбайұлы бірқатар кемшіліктерге жол берген мекеме басшылары мен жауапты сала мамандарына қатаң ескерту берді.

– Жоғарыда аталған мекемелер мемлекеттік рәміздерді заңнамаға сәйкес орнатып, олар ережеге сай келтірілсін. Тиісті органдар кемшіліктерді жою бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін 10 қаңтарға дейін қалалық ішкі саясат бөліміне жолдау керек. Егер олқылықтар орнына келтірілмесе, мекеме басшысы жауапқа тартылып, айыппұл салынады, – деді комиссия төрағасы.

Пікір: 0
Пікір қосу