ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Суретші картиналары бойынша жасалған әтір

Суретші картиналары бойынша жасалған әтір

  Парфюмер Килиан Хеннессидің By Kilian сериясымен шығатын жұпар аңқыған әтірлерін әлем бойынша іздеп жүріп сатып алатын парфюмерия өнерінің шын жанашырлары өте көп. Осы брендтің онжылдық мерейтойына орай Килиан мырза From Dusk till Dawn атауымен жаңа топтама шығарды. Оған әйелдерге арналған Woman in Gold және ерлерге арналған Gold Knight хош иісі енді. Бұл саланың жаңалықтарына құлағы түрік жүретін оқырман қазіргі таңда осындай жұп әтірлер шығару трендке айналғанын жақсы біледі.  

From Dusk till Dawn By Kilian парфюмын шығаруда автор өзінің сүйікті суретшісі Густав Климт шығармашылығына терең бойлап, одан шабыт алған. Нақтырақ айтсақ, әйелдерге арналған Woman in Gold жұпары қылқалам шеберінің өнер жолындағы "алтын кезеңнің" 1907 жылы жазылған үздік туындысы "Алтын Адельмен" тығыз байланысты. Өйткені, әтірдің осынша әсерлі шығуына себеп болған муза – картина кейіпкері Адели Блох-Бауэр. Ал, ерлерге арналған Gold Knight – Климттың "Бетховен фризі" картиналар жинағына жататын "Алтын рыцарь" туындысына бағытталған оммаж. Жалпы, Килиан Хеннесси мен Густав Климттың шығармашылығы өте ұқсас екені таңсық дүние емес. Екеуінің саласы екі түрлі болғанмен, олардың өз туындыларына сіңірген жүрек тебірентер сезімталдық ешкімді бейжай қалдырмайды.   Парфюмерия саласына қосылған қос жаңа туындының екеуі де ұшқындай жарып өтетін бергамот иісімен ашылады. Одан әрі әйелдерге арналған нұсқа раушан, ақ фрезия, герань, ваниль жұпарына алмасады. Осындай "гүлдер вальсінің" сиқырлы көрінісінен кейін нәзік жандылар тәнінде тек ваниль дәмі ғана сақталып қалады. Ерлерге арналған әтір жұбының бұл құрамнан айырмашылығы – оның бәден және қанық бал нотасымен әсерлене түсуінде. Парфюмер Килиан Хеннессидің жаңа туындылары – ең талғампаз тұтынушылардың көңілінен шыға алатын нағыз шедевр.
Дереккөз: massaget.kz

Пікір: 0
Пікір қосу